Профессор А.Ш.Алтаев туралы естелік
Б.Б.Кәрібаев
ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Шаухатұлы Алтаев туралы сырттай білсем де, онымен тікелей танысып, араласуым 2000 жылдардың басынан басталды. Нақты қай жылы екені есімде жоқ, әлде 2002 немесе 2003 жылдың наурыз айы болуы керек, Орал қаласындағы М.Өтемісұлы атындағы Орал мемлекеттік университеті жанындағы тарих ғылымдары бойынша ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін беру үшін құрылған Диссертациялық Кеңестің шешімімен кандидаттық диссертация қорғайтын бір ізденушіге ресми оппонент болып бекітілгендіктен, бірнеше күн поезбен жол жүріп, Оралға келдім. Университеттің жатақханасында қонақтарға арналған бөлмеге орналастым. Көрші бөлмеге Алматыдан, басқа жоғары оқу орнынан бір профессор бірнеше күн бұрын келіп орналасты деп айтты күтіп алушылардың бірі. Сол күні ақ- ол профессормен танысып алдым. Бұрыннан сырттай естіп жүрген, сол кезде Абай атындағы Алматы Ұлттық Педагогикалық университеттің Тарих факультетінде, Жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүрген, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Шаухатұлы Алтаев екен.
Алғашқы танысқан сәттен бастап оның өте қарапайым екендігіне және өте білімді, нағыз зиялы қауым өкілі екендігіне көз жеткіздім. Сыртқы болмысы нағыз профессор екенін көрсетіп тұрды. «А» деп аузын ашқаннан бір-екі көңілді анекдотты айтып, бәрімізді бір күлдіріп алды. Кейін жақын араласа келе оның керемет анекдотшыл екенін біліп, амандаса келе, қандай су жаңа анекдот бар, Асеке, айтып жіберіңіз деп сұрайтын болдық. Ол ешбір қиналмастан суырып салма ақындар секілді, бірнешеуін төгіп-төгіп жіберетін. Әңгімені айта білу де бір өнер ғой, Асекеңнің оны шебер меңгергендігін тыңдармандардың бәрі мойындайтын.
Орал Педагогикалық Университетінде диссертация қорғау жұмысы түстен кейінге қойылғандықтан, сол кездегі университет ректоры, тарихшы Т.З.Рысбеков тарапынан Асқар Шаухатұлы екеуімізге мәжіліс залында студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамына бір-бір сағаттан Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша лекция оқуға өтініш білдірілді. Асекең өзінің зерттеп жүрген тақырыбы бойынша бір сағаттық лекциясын ешбір қағазға қарамастан академиялық стильде оқып шықты. Қойылған сұрақтардың бәріне ғылыми негізде жауап беріп, залдың бәрін риза қылды. Ұмытпасам, сол залдағы бір-екі жас оқытушы сол мезетте өздеріне ғылыми жетекші таңдап алып, болашақ кандидаттық диссертациясының тақырыптарын нақтылап алды.
Алматыға келгеннен соң әртүрлі ғылыми жиындарда ескі таныстардай араласып тұрдық. Профессор А.Ш.Алтаев 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне декан боп ауысты да, онымен сол кезден бастап қоян-қолтық араласып кеттік. Ол декан қызметінде жүрсе де өзінің қарапайымдылығын өзгерткен емес. Факультет ұжымымен осы қарапайым қасиеті арқасында тез тіл табысып, әркіммен де тез сыйласып кетті.
Профессор Асқар Шаухатұлын нағыз зялы қауым өкілі және зиялы қауым отбасының дәстүрін жалғастырушы өкіл екенін көп ұзамай білдік. Әкесі, Шаухат Алтаев – есімі одаққа, әлемге танымал болған ғалым, көмір өндіру саласы бойынша бірнеше тың инновациялық технологияларды ойлап тауып, оны өндіріске енгізген, кеңестік кезеңде Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі болған ірі тұлға. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен Шаухат Алтаев тұрған үйдің қабырғасына еске алу тақтайшасы ілінгенде сөз алған шәкірттерінің бәрі ғалымның еліміздің ғылымы мен экономикасына қосқан үлесі туралы шынай баяндап берді. Ал Асекеңнің анасы да текті жердің қызы болып, жары мен ұлының ғылым жолындағы жетістіктерінің бәріне жөн сілтеп, тіреуші болған, қолдаушы болған жан екен.
Қазақта «жігіттің жақсысы - нағашыдан» деген сөз бар. Асекеңнің де қарапайымдылығын, мінезін, білімділігін, зиялылығын, тәрбиелілігін отбасынан, оның ішінде анасының ақ сүтімен дарыған асыл қасиет деуге болады. Оның балажандығы немерелеріне деген сүйіспеншіліктен анық байқалып тұратын. Немерелерінің барлық жақсылықтарын, қылықтарын, жеткен жетістіктерін айтып қана қоймай, кафедраның топтық чатына салып отыратын және өзінің түсініктемелерін қоса беретін. Асекеңнің өзінің айтуы бойынша нағашылары сонау XIX ғасырдан бері Солтүстік Қазақстан аумағында танымал тұлғалар болған екен. Әсіресе, атақты билер көп шығып, елге қызмет еткен екен. Асекеңнің өзі де мектептен кейін қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) Тарих факультетінде оқып, оны 1978 жылы бітіріп шығады. Жолдамамен Ғылым Академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына барып, ғылыми қызметкер болып орналасады да, әке жолымен ғылымға бет бұрады. 40 жасында, яғни 1996 жылы «1970–1980 жылдардағы Қазақстан өнеркәсібі жұмысшыларының әлеуметтік жағынан дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Бұл жылдар академиялық ғылым үшін қаржыландыру жағынан өте қиын кезең болатын. Талай жастармен қатар, сол тұстағы орта жастағы буын өкілдері де ғылымнан басқа салаларға кетіп жатқан кез еді. Асекең болса, ғылымнан кетпей, докторлық диссертациясын аяғына дейін жеткізіп, нәтижеге қол жеткізеді. Бірақ отбасын асырау үшін кей уақыттарда машинаммен такси болған кездерім де болды деп айтатын. Сол кездерден Асекең мынадай бір қызықты әңгіме айтушы еді.
Бірде демалыс күні таксилетіп жүрген Асекеңе бір туысы не танысы хабарласып, аэропорттан бір-екі ағылшын азаматтарын күтіп алып, қонақ үйге жеткізуін өтінген екен. Асекең оларды күтіп алып, машинасына отырғызады. Олар орыс тілін аз болса да білетіндер екен. Сол тұстағы Алматының атақты кептелістеріне ұзақ тұрған шетелдік қонақтар Асекеңе сұрақтар қойып, ананы-мынаны сұрай бастайды. Бір кезде әңгіме тарих тақырыбына ауысып, мен оларға XVIIғасырдағы ағылшын буржуазиялық революциясы, Англиядағы абсолютизм, 1-ші азамат соғысы, корольдік билік пен буржуазиялық оппозиция, Кромвель мен Кромвель протектораты, III Вильгелм Оранский туралы және тағы басқа ағылшындық тарихына қатысты өзім білетін және оқығандарым мен естігендерімді айтып бергенімде олардың таң қалғандары сондай, «Қазақстандағы таксистердің білімінің тереңдігі сондай, біздегі профессордың білімімен бірдей» - , деп бастарын шайқапты.
Профессор А.Ш.Алтаев соңғы жылдары тарих ғылымындағы жаңа, әрі тың тақырып - Қазақстан және Орталық Азия тұрғындарының тарихи демографиясы мен этномәдениетінің дамуы, әлеуметтік тарихтың актуалды мәселелері атты кең ауқымды тақырыпта зерттеулермен айналысты. Осы бағыт бойынша бірнеше монографиялар мен оқулықтар, ондағын ғылыми мақалалар жариялады. Қаншама шәкірттер даярлады, олардың бәрі қазіргі кезде Отан тарихы бойыншы еліміздің ғылыми орталықтары мен ғылыми мекемелерде ізденістерін жалғастырып жүр.
Асекең де әлі талай шәкірттер дайындап, қаншама ғылыми жұмыстарды жариялар еді. Өкінішке орай, бүкіл әлемді жаулаған пандемия деген пәле біздің елімізді де айналып өтпеді. Қаншама қимас жандардан, қаншама асыл азаматтардан айырылдық. Тіпті оларды дәстүрлі әдет-ғұрпымызға сай жерлей де алмадық, жаназасына да қатыса алмадық, қабіріне бір уыс топырақ сала да алмадық. Неткен өкінішті жағдай. Дәл осылай Асекеңнің қайтыс болғаны туралы хабарды естігенде, тек артында қалған ұлы Санжарға телефон арқылы ғана көңіл айттық.
Асекеңнің жылдық асы қарсаңында айтарымыз, Асеке, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, жаның жәннәттің төрінен орын алсын дегім келеді!